Төрт өңірде жылыту маусымы басталды: қалған облыстарға жылу қашан беріледі
Барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын.1 қазанда үш облыста жылу беру маусымы басталады, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталды. Ал ертең, 1 қазанда, Абай, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жылу беріледі деген жоспар бар.
"Барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын, негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілген. Энергия көздерінің қоймаларындағы отын қоры 5,2 миллион тонна көмір мен 89 мың тонна мазутты құрайды, бұл жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
2024 жылы 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4 054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған болатын.
Қазірдің өзінде 19,9 мың км электр желілері, 376 қосалқы станция және 4 046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді. Ал 546 шақырым жылу желілерінің 94,6 пайызы жөнделіп бітті.