"Шеврон" корпорациясы өзінің филиалы "Шеврон Мұнайгаз Инк." арқылы және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Қазақстандағы стратегиялық жобаларды дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Келісімге Шеврон Еуразия президенті Дерек Магнесс және ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Нью-Йорк қаласында қол қойды.

"Бұл келісім ҚМГ мен Шеврон арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Жалпы алғанда, компаниялар ұзақ уақыт бойы стратегиялық серіктестер болып келеді. Теңіз, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумы сияқты бірлескен жобалар Қазақстан ұлттық экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Біз өндіріс тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің озық стандарттарын қолдану бойынша жұмысты жалғастырамыз", – деді Асхат Хасенов.

Шеврон Еуразия президенті Дерек Магнесстің айтуынша, бұл келісім – ҚазМұнайГазбен серіктестігіміздегі маңызды кезең.

"Ол жергілікті қамтуды дамыту, технологиялық инновациялар және кадрларды даярлау сияқты маңызды бастамалар аясында ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Бұл бастамалар Қазақстанның энергетикалық болашағын қолдай отырып, ашықтық, адалдық және тұрақты даму қағидаларын сақтауға бағытталған", – деді ол.

Ынтымақтастық туралы келісім аясында Шеврон мен ҚМГ стратегиялық серіктестікке басым бағыттар бойынша назар аударады, оның ішінде жергілікті қамтуды дамыту, технологияларды интеграциялау және кадрлардың біліктілігін арттыру. Бұл – Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың жалғасы.


Оқи отырыңыз: Токаев: Казахстан готов играть ведущую роль в расширении присутствия американского бизнеса в Центральной Азии