Тоқаев вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстанда вице-президент лауазымын құруды ұсынды. Оны Парламенттің келісімімен, депутаттардың көпшілік дауысы арқылы Президент тағайындайды. Ал өкілеттік ауқымын Мемлекет басшысының өзі айқындайды.
Болжам бойынша, вице-президент Президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдарда және шетелдік делегациялармен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін қорғайды. Сондай-ақ Парламентте Президенттің мүддесіне өкілдік етіп, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл орнатады.
"Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты негізгі ережелерді Конституция мәтінінде көрсету керек. Сонымен қатар қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін кейбір аппараттық құрылымдар мен Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Әкімшілігінің функционалы, құрылымы және оның басқару жүйесі практикалық қажеттілікке сәйкес реформаланатын болады.