Тоқаев Токио губернаторын І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Юрико Коикэмен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Юрико Коикэ жетекшілік ететін Токио қаласының әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанын атап өтті.
Президент Қазақстан халқы жапон саясаткерін елдің досы әрі сенімді серіктесі ретінде танитынын айтып, оның қазақ тарихы мен мәдениетін насихаттауға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жапонияға ресми сапарын еске алып, соның нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Сондай-ақ Токионың "Ақылды қала" бағдарламасы Қазақстан үшін қызықты тәжірибе екенін айтты.
"Біз де елімізде Smart City тұжырымдамасын дамытып жатырмыз. Астанаға жасаған сапарыңыз мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді", – деді Президент.
Өз кезегінде Юрико Коикэ Қазақстандағы экономикалық реформаларға, цифрландыру, жасанды интеллект және инвестиция тарту бағытындағы бастамаларға жоғары баға берді.
Тараптар цифрлық технологиялар, инновациялар, халықаралық қаржы және білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Юрико Коикэні І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.