Тоқаев ҚХА мен Ұлттық құрылтай орнына Халық кеңесін құруды ұсынды
Қазақстанда Халық кеңесі құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда осындай ұсыныс тастады.
"Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты түрде жалпыұлттық диалог жүргізу үшін кең платформа немесе мінбер қажет. Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен тұтастығына ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қамтиды. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссияларын іс жүзінде сәтті аяқталды деп санауға болады.Жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын", – деді президент.
Мемлекет басшысы жаңа органның қызметінде Халық Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының стратегиялық сабақтастығы саналатын қазақ мемлекеттілігі мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайтуды сақтап қалу өте маңызды деп есептейтінін жеткізді.
"Халық кеңесі мәні жағынан басқа елдердің консультативтік құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік органға айналады. Онда барлық этностардың, халық топтары мен өңірлердің өкілдігі қамтамасыз етіледі. Қазақстанның Халық кеңесі елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес құрамын 126 адамнан жасақтауды ұсынды:
- 42 адам – этномәдени бірлестіктерден;
- 42 адам – ірі қоғамдық бірлестіктерден;
- 42 адам – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.
Халық кеңесінің барлық мүшелерін Президент тағайындайды, ал төрағасын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық басшысы болады.
"Халық кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие болуы тиіс, бұл, әрине, оның мәртебесін айтарлықтай нығайта түседі. Халық кеңесінің жоғары органы жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия болады. Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі негізгі функционалы беріледі. Сонымен қатар, жаңа орган ішкі саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге назар аударады, мемлекеттік идеологияға, сондай-ақ Конституция ережелеріне және мемлекетіміздің басқа да маңызды құжаттарына қатысты мәселелерді ілгерілетумен және түсіндірумен айналысады. Кеңестің құзыретіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу функциясы өтеді", – деді президент.
Халық Кеңесінің мәртебесі мен құрылу тәртібі Конституциядағы жеке бөлім және арнайы Конституциялық заң арқылы реттеледі деп жоспарланып отыр.