Тоқаев қазақстандықтарды ел халқының бірлігі күнімен құттықтады
Ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналады, деді мемлекет басшысы.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ел халқының бірлігі күнімен құттықтады. Құттықтау мәтінін Ақорда сайты жариялады.
"Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын мерейлі мереке. Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Бүгінде еліміздің барша азаматтары біртұтас ұлт болып Әділетті Қазақстанды құрып жатыр. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ел бірлігі, әсіресе, қиын-қыстау сәттерде сыналады.
"Биыл біз бұрын-соңды болмаған "алапат тасқынмен" бірлесе күресіп жатырмыз. Әр азаматтың бір-біріне тілеулeстігі арқылы бүкіл ұлттың тұтастығын таныта білдік. Қазақстан халқы тарихтың күрделі кезеңінде жұрт болып жұмылып, табысқа жете алатынын тағы да дәлелдеді. Халқымыз жасампаздық пен жаңашылдық, еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерінің арқасында өсіп-өркендей береді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.