Жаңа Конституция жобасына қатысты референдумда дауыс бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорда. 

Мемлекет басшысы жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылғанын айтты. Оның сөзінше, 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгенімен, сол кезде жаңа Конституция қабылданбаған.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заң қабылдау идеясы кейінірек туындап, шамамен екі жыл бұрын бұл бағыттағы жұмыстар басталған.

"Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілететініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Егер озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету қажет", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент жаңа Конституциядағы вице-президент лауазымына қатысты норма туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл институт билік жүйесін күшейтуге бағытталған.

"Вице-президент лауазымы туралы әртүрлі пікір айтылып жүр. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте мұндай қызмет бар. Кейбір сарапшылар Қазақстанда билік ішінде бәсеке күшейіп, елге зиян келуі мүмкін деп алаңдайды. Бірақ қоғамға зардап келетіндей қауіп жоқ. Бұл лауазым билік институттарын нығайтады", – деді президент.

Тоқаев президент сайлауы қолданыстағы Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтетінін атап өтті.