Тоқаев: Мемлекеттік қызметшілерді "Халық жаулары" сияқты көретіндер бар
Президенттің айтуынша, мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп."Шенеунік" деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды "Халық жаулары" сияқты көретіндер де бар. "Шенеунік" деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды
Мұнымен қатар, мемлекет басшысы елдегі сыбайлас жемқорлық мәселесіне тоқталды.
"Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр. Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық", – деді ол.