Тоқаев көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Отырыста президент көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамаларын тыңдап, көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Оның айтуынша, қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отыр.
Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтып, "Жасыл дәліз" жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс.
Мемлекет басшысы жүк тасымалы көлемін арттыру үшін нарықты авиаотынмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет деп санайды. Бұдан бөлек, мультипликативтік тиімділікті көтеру мақсатында еліміз арқылы өтетін жүк тасымалы көлемін ұлғайту, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылу міндеті қойылды.
Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2025 жылдан бастап рулі оң жақтағы таксилер жұмысын тоқтатады