Тоқаев: Кәсіпкерлер салық жеңілдіктерін бас пайдасына жаратып, бизнесін бөлшектей бастады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент халқымен кездесу кезінде салық реформасы туралы ойын бөлісті.
"Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз", – деді президент.
Президенттің пікірінше, кодекстегі күрделі өзгерістер мен жеңілдіктер бизнес қауымдастығы арасында теңсіздікке алып келіп отыр.
"Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы салық жеңілдіктерінің дұрыс пайдаланылмауы да мәселе туындатып отырғанын атап өтті.
"Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соққанын айтты.
"Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтетінін атап өтті.
"Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек", – деді Мемлекет басшысы.