Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық және экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп отыр, ал мұндай жағдайда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі.

Президент атом станциясын салу туралы қабылданған шешім Қазақстанның болашақ энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономиканы қайта құрылымдауға серпін беретінін айтты. Оның пікірінше, ядролық энергетиканы дамыту елдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялар мен кадрлық мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашады.

"Балқаш атом электр станциясының құрылысы, одан кейінгі салынатын екінші АЭС Қазақстанның энергетикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ ядролық энергетика сияқты маңызды салада жаңа бағыттардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемде қуат көздері үшін бәсекенің күшейіп келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, ауқымды жаһандық өзгерістер ең алдымен энергетика саласына әсер етеді. Сондықтан Қазақстан бұл үдерістерге алдын ала дайын болып, ұзақ мерзімді әрі салмақты саясат жүргізуі қажет.


Оқи отырыңыз: "Үнемшілдік – ырыстың кілті". Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеп пайдалануға шақырды


Сонымен қатар Президент энергетика саласы үшін білікті мамандар даярлау мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет бұл бағытта жаңа буын энергетиктерін дайындап, саланың ғылыми және өндірістік әлеуетін жүйелі түрде арттыра беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, атом энергетикасын дамыту – елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізудің маңызды тетігі. Бұл бастама Қазақстанды жаһандық энергетикалық үдерістерге белсенді қатысушы мемлекет ретінде жаңа деңгейге көтереді.