Тоқаев Ақордада оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады
Президент оған балалардың қауіпсіздігі жөнінде тапсырма берген.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ғани Бейсембаевтың президентке берген баяндамасына сүйенсек, былтыр 137 мың оқушыға арналған 154 жаңа мектеп ашылған. Бұл 29 үш ауысымды, 12 апатты мектептің мәселесін шешкен деп сендірді президентті министр.
"Жаңа оқу жылында 365 мың оқушыға есептелген 221 білім ошағын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау көрсеткіші екі есе артып, интернеттің сапасы жақсарған", – деген баяндамасында Бейсембаев.
Оның айтуынша, Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлделі орындарға ие болып жүр. Былтыр ел оқушылары 58 алтын медаль жеңіп алған.
Президент оқу-ағарту министріне саланы одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берген.