Астанада адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде жүрген ер адам тұтқындалды, деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"Учаске" оператив-профилактикалық іс-шарасы барысында Астана қалалық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген тәжікстандықты ұстады.

"Екі жыл бұрын 34 жастағы ер адам Тәжікстанда тойда болған кезінде қонақтардың бірімен жанжал кезінде оған дене жарақатын салған, зардап шеккен адам жарақат салдарынан қайтыс болған. Ер адамның пробациялық бақылауда болғаны анықталды, бірақ 2023 жылы ол елден шығып кеткен. Биыл қарашада оған халықаралық іздеу жарияланды. Кейін полицейлер оны Астанадағы сауда орталықтарының бірінен тауып, қамауға алды", – делінген хабарламада.

Қазір ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ол экстрадиция туралы шешім қабылданғанға дейін сонда болады. Кейін ол Тәжікстанның қылмыстық іздеу органдарына тапсырылады.