Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын бекітті. Бұл туралы Премьер-Министрдің Telegram арнасы жазды.

Бұған дейін осындай жоспарлар Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск және Степногорск үшін қабылданған болатын. Төрт жыл ішінде барлық 10 моноқаланы дамытуға 1,7 триллион теңге жұмсалады.

Жоспарға денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы саласын дамыту шаралары, заманауи құрал-жабдықтар сатып алу сияқты 608 тармақ кіреді.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, гүлденген ортада өмір сүруі керек.


"Мәселен, Жаңатас қаласында республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ басқа да көздер есебінен 75 іс-шараны жүзеге асыруға 3 млрд теңгеден астам қаржы жоспарланса, Қаратауда бюджеттен 50 млрд теңге жұмсайды",–  деп жазылған хабарламада.

Арқалық қаласында Маятас кластерінің кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізіп, кейін осында 315 миллиард теңгеге тау-кен байыту комбинатын салып, 1200 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Ұлттық экономика министрлігі кешенді жоспарлардан іс-шараларды жүзеге асырудың жол картасын әзірлеуде. Атап айтқанда, моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін әзірлеу, индустриялық аймақтар мен басым даму бағыттарын құру қарастырылған.


Оқи отырыңыз: "Қазақ тарихына ғашық болдым". Канадалық ғалым Qazaqlïq еңбегінде не жазды?


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалалардағы мемлекеттік саясатты қайта қарауды тапсырды.