Қостанай облысы Қостанай ауданы Тобыл қаласындағы "Восточный" мөлтек ауданында балаларға арналған ойын алаңшасы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Аталған ауданның тұрғындары ойын алаңшасын салып беру туралы өтініш жасағандарына біршама уақыт болған. 2010 жылы бой көтере бастаған мөлтек ауданда бүгінгі таңда 500-ге жуық тұрғын үй болса, 2500-ден аса адам тұрып жатыр. Оның басым көпшілігі – балалар. 

Спорттық ойын алаңының жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайды. Ол "Восточный" дүкенінің маңында салынды.

Құрылысшылар мұнда алдымен тартан төсеніш төсеп, айналасына қоршау орнатын, футбол, баскетбол және волейбол ойнауға қолайлы алаң орнатқан. Балалармен қатар ересектер де қолдана алатын тренажерлар мен жаттығуға арналған жабдықтар, әткеншектер тұрғызылған. Сондай-ақ, алаңның маңында тұрғындардың серуендеп, демалуына арналған сквер де пайдалануға беріліп отыр. Тобыл қаласының әкімі Захар Комаровтың айтуынша, сквер демеушілер есебінен қаржыландырылған.

"Балалардың спорт алаңшасы тұрғындардың өтініші бойынша жасалды. Бұл жерде 2010 жылы жаңа мөлтек аудан бой көтерген болатын. Алайда бас жоспар бойынша балалар алаңшасы қарастырылмаған екен. Жылдан жылға тұрғындар саны көбейген сайын балалар алаңшасына сұраныс та көбейе бастады. Тұрғындармен бірнеше кездесу өткізіп тұрғызатын орынды анықтадық. Нәтижесінде жергілікті әкімдіктен құрылысқа қаражат бөлінді. Нысан әмбебап қолдануға арналған, түрлі бөліктерге бөлінген. Баскетбол, футбол алаңдары бар. Волейболға да пайдалануға болады. Воркаут аймақ та қарастырылған. Балаларға арналған аймағы да бар. Ойын алаңшасы тек балаларға ғана емес, жалпы жастар мен үлкендердің пайдалануына да барынша қолайлы. Бұл – аталған аудандағы әзірге алғашқы спорттық ойын алаңшасы", – деді Захар Комаров. 

Әкімнің айтуынша, алаңның құрылысына жергілікті бюджеттен 67 миллион теңге қарастырылған. Асфальт-бетон жабындысынан бастап, барлығы жаңадан орнатылған. Жаттығуға арналған жабдықтардың бәрі жергілікті қостанайлық компаниядан шыққан.

"Алдағы уақытта алаңға бақылау камераларын қоюды да жоспарлап отырмыз. Жергілікті кәсіпкерлер алаңның қасынан сквер салуға да мұрындық болып, жасыл-желек, ағаш отырғызуға, жарықтандыруға, демалатын орындықтар қоюға да қаражат бөлді. Балалар алаңшасы – бюджет есебінен, ал сквер – он шақты демеушінің ортақ қаражатына салынып отыр. Олар "Восточный" мөлтек ауданына тамаша тарту жасады", – деді Захар Комаров. 

"Восточный" мөлтек ауданының тұрғыны Айтжан Кішкентаева бүлдіршіндерге жасаған сый үшін әкімге алғысын білдіріп, жерлестерінен алаңға ұқыпты қарауды өтініп сұрады.

"Әкімнің бізбен қанша рет кездескені, "балаларға арналған алаңымыз жоқ" деп ренжігеніміз бәріңіздің есіңізде. Ал бүгін біз мақсатымызға жетіп, сұрағанымызға ие болып отырмыз", – деген Айтжан Кішкентаева қазақы жоралғымен көпшілікке "құтты болсын" айтып, алаңға шашу шашты.

Тұрғынның бүлдіршін қызы Әмина да сөз кезегін алып, аудан тұрғындарынан жаңа алаңға қоқыс тастамай, жанашырлықпен қарауды өтінді.