Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрамындағы "Абай институтының" аясында шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін үйрету жұмыстары күшейді. Институт келешекте Гете, Юнус Эмре институттары деңгейіне көтерілу мақсатын алдына қойып отыр. 

Институттың тіл үйрету бағыты осыдан үш жыл бұрын қолға алынған. Бастапқыда бес офлайн сынып ашылған болса, бүгінде оның саны екі есеге өсті. 

Ресейдің Омбы, Польшаның Варшава қалаларында биылғы маусым айынан, Моңғолияның Ұланбатыр, Иран республикасының Горган қаласында шілдеден, Түркияның Анталия қаласында тамыздан бері оқыту жүріп жатса, Түркияның Ыстамбұл, Францияның Париж, Аустрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалалары мен АҚШ-тың Калифорния штатында қыркүйек айынан бастап оқыту толыққанды жүруде.

"Сабақтар "Тіл-Қазына" орталығы жарыққа шығарған шетелдегі қазақ диаспорасына арналған әмбебап оқулықтармен өткізіліп жатыр. Оқытушылар жыл сайын арнайы біліктілік курстарына қатысып, өздерінің тіл оқыту әдістемелерін жетілдіріп отырады. Сонымен қатар, біз шетелдегі оқытушыларымызбен бірлесе қазақ тілі оқулықтарын жазу тәжірибесін тұңғыш рет қолға алдық. Биыл соның алғашқы нәтижесі – "Түрік азаматтарына арналған қазақ тілі оқулығының" А1 деңгейін ұсынбақпыз. Келесі жылы да бұл тәжірибе жалғасып, шетелдік азаматтар үшін бірнеше оқулық жарық көрмек", – деп жазды "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай.


Оқи отырыңыз: Қазақша үйренейік