Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп.Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп", – деп жазылған хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90% болды.
Мемлекеттік тапсырыстың 65% машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ға, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 100%-ға дейін өседі.
"Колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасып жатыр. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысып жатыр.