Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 2024 жылдың соңына дейін 40 мыңға жуық жұмысшы қысқарады. Демек, үш жыл ішінде мыңдаған адам жұмыссыз қалып, бос жүргендер қатарын көбейтеді. Өйткені, Атырау өңірінің басым бөлігі осы Теңіз кен орнынан табыс тауып, күн көріп жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Сарапшылар жергілікті билік бұл мәселені шұғыл шешпесе үлкен әлеуметтік дағдарыс туындайды деп дабыл қағып жатыр. Ал тұрғындардың өздері әкімдік өкілдерінің түйткілді мәселені шешеміз дегеніне үлкен күмәнмен қарайды.

Теңіз кен орнындағы зауыт құрылысынан 2024 жылға дейін 40 мыңға жуық жұмысшы қысқарады. Оның 45 пайызы – атыраулықтар. Бұл ақпаратты жерілікті атқарушы орган өткен жылдың соңында жария етіп, жұмыссыз қалғандарды жұмыспен қамтуға арналған кешенді жобаларының барын айтқан. Алайда атыраулық қоғам белсенділері бұл жобада ешқандай нақтылық жоқ екенін айтып отыр.


Оқи отырыңыз: Бір жылда Маңғыстау облысындағы жұмыссыз жастар саны 11% өсті


"Әкімдіктің айтып отырған 2021-2025 жылға кешенді жоспары ішінде нағыз бағдарламаны ешкім көрген жоқ, бірақ мен көрген бағдарламаның бүкілін қосқанның өзінде Атырау облысында ең шауып кеткенде мың адамға ғана жұмыс табылады", – дейді қоғам белсендісі Таңат Нұрымов.

Бұл жұмыссыздық, ақша жоқтық әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соқтырады. Атыраулықтар өңірде қазірдің өзінде жұмыссыз жүргендер көп деп дабыл қағып отыр. Ал Теңіз кенішінен мыңдаған адам қысқарып қалса, аймақта әлеуметтік мәселе тіпті ушығады. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде кен орнынан 3 мыңға жуық адам қысқарады. Оның 1 270-і – атыраулық азаматтар. Қазір Атырауда сегіз мыңнан астам жұмыссыз бар.

"Теңізшевройл компаниясының мәліметінше, Теңіз кен орнынан биыл 15 мыңнан астам жұмысшы қысқарады", – дейді Атырау облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.