Telegram-дағы "тегін кітапхана": полиция жаңа алаяқтық схемасын әшкереледі
Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын хабарлады.
Полицейлердің мәліметінше, алаяқтар азаматтарды алдау үшін Telegram мессенджерінде "тегін электрондық кітаптар" ұсынатын жалған хабарламаларды пайдаланып жатыр.
"Алаяқтар алдымен пайдаланушыларға тегін электрондық кітаптардың үлкен жиынтығы қолжетімді екені туралы хабарлама жібереді. Қызықтырған басылым сұралғаннан кейін бот нақты сервисті имитациялап, кітаптың қысқаша мазмұнын ұсынады. Алайда кітапты оқу немесе жүктеу мүмкіндігі берілмей, "арнайы қосымша" деген атаумен вирустық файл жіберіледі. Файл орнатылған жағдайда алаяқтар құрылғыдағы құпиясөздер мен қаржы деректерін ұрлап, хат алмасуларға және фотосуреттерге қол жеткізе алады", – делінген хабарламада.
Осы тәсіл арқылы қаскөйлер смартфонды қашықтан басқару мүмкіндігіне ие болады. ІІМ азаматтарды бейресми көздерден қосымшалар жүктемеуге және күмәнді сілтемелерді ашпауға шақырды.