Telegram-да белгісіз адамдар Ақтөбе мектептерінде атыс жасаймыз деп қорқытқан арна пайда болды.

Осы арнада жарияланған хаттар мен скриншоттарды ата-ана чаттарына жіберіп жатыр. Жергілікті тұрғындар балаларын мектепке жіберуге қорқатынын айтып отыр.

Осы Telegram арнадағы жазбаларда атыс дайындалып жатқан нақты мектептер көрсетілген. Атыс ұйымдастырып жатқандар 20 адам екенін жазған.

Telegram арна скриншоты

Ақтөбе облысының полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

"Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Осы ақпаратты таратқан адамдарды анықтау мақсатында жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жақын арада күдіктілер анықталып, жауапқа тартылады", – делінген полиция хабарламасында.

Полиция департаменті білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде бейнебақылау және мектеп маңында полицияның көп болуына баса назар аударылатынын айтты. 

"Азаматтардан арандап қалмауды сұраймыз", – деді полиция қызметкерлері.