Текелі маңындағы өзенде балықтар қырылып жатыр
Әр аттам сайын төрт-бес балық өліп жатыр.Текелі маңындағы өзенде балықтар қырылып жатыр. Бүгінде Жетісу облысына қарасты Шажа өзенінің жағалауы су жәндіктерінің өлексесіне толып кеткен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Өзен жағасы өлексеге толы. Әр аттам сайын төрт-бес балық өліп жатыр.
Сергей Шумилин осы жерде 30 жылдан бері балық аулап келеді. Мұндай жағдайды алғаш көріп отырғанын айтады. Ол су жәндіктеріне кесел қазан айының басында жабысты деп отыр. Сол күннен бері құзырлы орган өкілдеріне қанша айтсам да өзен жағасындағы балық өлекселері әлі жиналмады. Суды мал ішіп жатыр. Ал адамдар ішсе соңы не болмақ деп алаңдаулы.
"Балық инспекциясы басшысының орынбасарына хабарластым. Ол маған дүрбелең тудырма деді. Бұл жаппай қырылуға жатпайды, Қапшағайдағыдай емес деді. Бірақ біз үшін бұл экологиялық апат. Біз қандай органдарға жүгіну керек екенін білмейміз. 4 қазаннан бері 16 күн өтті ешбір нәтиже жоқ. Бұл өзен Қараталға қосылып, Балқашқа құяды, қауіпті ғой", – деді Текелі қаласының тұрғыны Сергей Шумилин.
Инспекция мамандары судан сынама алып тексеруге жіберген. Құрамы таза, ешқандай қауіп жоқ деп отыр. Ал өлген балықтарды зертханаға өткізбеген екен.
Өйткені Жетісу облысында балық зерттейтін бір де бір мекеме жоқ. Сол себепті Алматы сияқты үлкен қалалардағы ғалымдарға қарап отыр.
"5 қазан күні Шажа өзеніне барып, судың сынамасын алып, қырылған балықты жинап экология мен СЭС-ке өткізгенбіз. Енді бүгінгі таңда наукадан кісілерді күтіп отырмыз. Ертең таңертең соған шығып, бүкіл балықты жинап институтқа жібереміз", – деді Қаратал балық инспекциясының бөлім басшысы Болат Тұмбаев.
Балық инспекциясы өкілдері Шажадан балық аулауға болмайды деп ескерткен екен. Өйткені таулы жерлерде арнайы бекеттер жоқ деп отыр.