Таза Қазақстан: Сайрам-Өгем ұлттық паркінде өткен экологиялық іс-шараларға 6 мыңнан астам адам қатысты
"Таза Қазақстан" бастамасы аясында ұлттық парктер аумағында дәстүрге айналған "Киелі мекен", "Таза аймақ", "Таза су айдындары", "Таза жағалау" сияқты экологиялық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Аталған экологиялық шараларға, яғни аумақты тазарту және көгалдандыру жұмыстарына биыл 6 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер мен волонтерлер де бар.
Сондай-ақ бастама аясында студенттер мен оқушыларға арналған экологиялық-танымдық экскурсиялар да өткізіліп тұрады. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде 40-тан астам экскурсия ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Батыс Тянь-Шаньның Қазақстан бөлігіндегі ерекше табиғатты және биологиялық алуан түрлілікті сақтау мақсатында 2006 жылы құрылған.
Жалпы жер көлемі – шамамен 150 мың гектар. Мекеме құрамында үш филиал бар: Өгем, Төлеби және Түлкібас.
Ұлттық парк аумағындағы ормандарды негізінен арша мен жабайы жеміс ағаштары құрайды. Жүргізілген есептерге сәйкес, мұнда 5 мың гектардан астам арша мен 4 мың гектарға жуық жеміс ормандары бар.
Бұл аумақта 1635 түрлі өсімдік өсіп, 59 түрлі сүтқоректі мен 300-ден астам құс мекендейді. Олардың ішінде өсімдіктердің 62, сүтқоректілердің 10 және құстардың 28 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Сонымен қатар орта белдеулер мен тау жоталарында шипалық қасиеті әртүрлі 200-ге жуық дәрілік өсімдік өседі.
Ұлттық паркке келуші демалушылар мен туристердің саны жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2019 жылы 32 мыңнан астам адам келсе, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 116 мыңнан асты.