Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түрмеде жазасын өтеп жатқан осал топқа жататын азаматтарға амнистия жасалады. Әр қылмыскерге қатысты шешімді сот жеке-жеке қабылдайды. Бұл туралы Ішкі Істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жанар Шайдуллина мәлімдеді. 

"Жобаға байланысты қажетті ғылыми құқықтық сараптама жүргізілді, сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың қатысуымен ашық тыңдалымдар өтті. Қазіргі сәтте заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары қарап жатыр. Заң жобасының мақсаты – теріс әрекеттер, аса ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар үшін жазаны өтеуден босату, сондай-ақ, аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту", – деді Жанар Шайдуллина. 

Мұнымен қатар, бөлім жетекшісі әлеуметтік осал топтағы және қоғам үшін аса қауіпті емес азаматтар – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер, кәрі әйелдер мен ерлер, мұнымен қатар, І, ІІ топтағы мүгедектерге басымдық беріліп отырғанын айтты.  

ҚР ҚК 78-бабына сәйкес, амнистия келесі қылмысқа барғандарға жасалмайды:

  • жасөспірімдерді жыныстық зорлау;
  • террористік және экстремистік қылмыстар;
  • қылмыстық топ пен ұйымдардың экс-мүшелеріне;
  • рецидив жағдайында. 

"Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, амнистия жасауға қатысты соңғы шешімді сот жеке-жеке қабылдайды. Заң жобасына сәйкес, босатылғандарға әлеуметтік қолдау қарастырылған", – деп қосты Жанар Шайдуллина. 

Аталған заң жобасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларды жүзеге асыру міндеті жүктеледі:

  • жақын туыстары жоқ, кәрі жастағы І, ІІ топ мүгедектерін медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналастыру;
  • кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді әке-шешесіне немесе оларды алмастырған азаматтарға тапсыру. Немесе орташа, техникалық және кәсіби білім алатын жерге орналастыру;
  • сот шешімімен тағайындалған емді алуына көмектесу;
  • тұрақты тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтарды қоғамдық ортаға сіңістіруге бағытталған орталықтарға орналастыру;
  • жұмыспен қамтып, әлеуметтік көмек көрсету.