Тарихи жеңіс: "Қайрат" алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты
Алматыда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің қарымта матчында "Қайрат" футбол клубы шотландиялық "Селтикті" пенальти сериясында 3-2 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті.
Ойынның негізгі уақыты тең есеппен аяқталды. Одан кейін италиялық төреші Маурицио Марани жеңімпазды анықтау үшін қосымша 30 минут қосты.
Экстра-таймда шотландтар жеңіске жақын болды, алайда Қазақстан чемпионы қарсыластың жойқын шабуылдарына төтеп берді. Жекпе-жектің тағдыры пенальти сериясында шешілді, бұл жолы "Қайратқа" сәттілік серік болды.
"Қайраттың" 21 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбеков 120 минут гол жібермей, үш пенальтиді қайтарды.
Осылайша, "Қайрат" алғаш рет өз тарихында УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.