Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды. Ол финалда әлемнің екінші ракеткасы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенкодан үстем болды, деп хабарлады WTA.

Финалдық бәсеке екі сетпен аяқталды. Екі сағат 4 минутқа созылған ақтық ойында Елена Рыбакина 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланса, Арина Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Айта кетейік, бұл Рыбакина мен Соболенконың төртінші кездесуі. Оның үшеуінде жеңіс Соболенконың қанжығасына байланған болатын.

Бұл жеңіс Елена Рыбакинаға өз спорттық жолында алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтерілуге мүмкіндік береді.

"Үлкен рахмет! Мұндағы екі апта ерекше әсерге бөледі. Келіп маған қолдау көрсеткен, трубинадан жанкүйер болғандардың бәріне алғысым шексіз. Әрине, мен Аринаны керемет ойыны үшін құттықтағым келеді. Ол өз командасымен бірге тамаша жұмыс істеді. Иә, бұл менің бірінші жеңісім, алда талай финалда кездесеміз деп үміттенемін. Мен үшін мұндай ойындарда өнер көрсету үлкен сый", – деді Елена Рыбакина.