Биыл қазақтың соңғы ханы, әйгілі қолбасшы Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толды. Осыған орай Алматы облысында "Бабалар мұрасы" атты республикалық фестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

Қазақ қоғамында Кенесары ханның өмірі мен оның бас сүйегі туралы аңыз-әңгіме кең таралған. Мүрдесі қырғыз жерінде қалған ханның бас сүйегі қазір Ресейдегі "Эрмитажда" сақталған деген рас-өтірігі беймәлім мәлімет бар. Ханның бас сүйегін елге қайтару туралы бірнеше рет бастама көтерілгенімен, ол нәтиже бермеді. Дегенмен, тарихшылар ханды ұлықтап, оған құрмет көрсетуді тоқтатпау керек деп есептейді. 

"Бас (Кенесары ханның бас сүйегі – ред.) оралса, қазақтың тағы бір жоғы түгенделеді, тағы бір ісі алға басады деп ырымдайды. Егер табылып жатса, құба-құп. Мұндағы бар мәселе – Кенесарыны ұлықтау. Өйткені, осыншама жер, осыншама байлық сол батырлардың арқасында бізге бұйырып тұр", – дейді тарихшы Ханкелді Әбжанов. 


Оқи отырыңыз: 


"Батыр бабалар" мемориалды музейінде өткен республикалық фестивальге қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалап, қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарын заманауи үлгіде жаңғыртқан шеберлердің сабақтарын тыңдады. Сондай-ақ, музей қорындағы құнды жәдігерлерді көрді. Музейде қазіргі уақытта 150 экспонат тұр. Олардың ішінде батырлардың сауыт-саймандары, қару-жарақтары мен этнографиялық бұйымдар бар.

Ең құнды экспонат – Кенесары ханның қарындасы, Бопай ханымның қылышы. Ұзындығы 1 метрге жуықтайтын бұл қылыш 1845 жылы Ресейдің Санкт-Петурбург қаласында жасалған. Бірақ, Қазақстанға қай жылы және қандай жолмен жеткізілгені белгісіз. 

"18-19 ғасырларға тән бірегей артефактілер, қылыш, қалқан, жеңсе, дулыға сияқты батырлардың қару-жарақтарымен қатар білте мылтық, семсер, селебе сияқты кесу, шабу құралдары сақталған", – деді "Батыр бабалар" мемориалды музейінің меңгерушісі Орынбасар Әлім.