Танымал футболшы әрі бапкер Фабио Каннаваро енді Өзбекстан құрамасын жаттықтырады
Ол құраманы 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін Әлем чемпионатына дайындайды.
Өзбекстан футбол қауымдастығы әлем футболының жетекші тұлғаларының бірі, үш дүркін Әлем чемпионатына қатысушы, 2006 жылғы Әлем чемпионатының жеңімпазы, Италия құрамасының бұрынғы капитаны – Фабио Каннаваромен келісімшартқа қол қойды, деп жазды UzA ақпарат агенттігі.
Ақпаратқа сәйкес, италиялық маман Өзбекстан ұлттық құрамасын 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін Әлем чемпионатына дайындайды.
Фабио Каннавароға команданы баптауда мына мамандар көмек көрсетеді:
- Аудженио Албарелла – көмекші бапкер. Бұған дейін Жапония құрамасында, "Ювентус", "Удинезе" және "Динамо Загреб" клубтарында жұмыс істеген.
- Тройзе Франческо – дене шынықтыру бойынша жаттықтырушы. "Беневенто", "Удинезе" және "Динамо Загребте" еңбек еткен.
- Антонио Кименти – қақпашылар жаттықтырушысы. Италия жастар құрамасында, "Сампдория" және "Спал" клубтарында бапкерлік қызмет атқарған.
Еске салайық, Өзбекстан құрамасы бұған дейін алғаш рет Әлем кубогына жолдама алған болатын. Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Әлем кубогында ойнайтын алғашқы ел атанды.