Талғат Қалиев: Ауғанстандағы қазақтардың нақты саны белгісіз, олардың Қазақстанға келу-келмеуі өз еркінде
Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің мәліметінше, бұл елде 200-ден астам қазақ бар. Бірақ, олар есепке алынған адамдар ғана.Ауғанстанда тұратын 200-ден астам этникалық қазақ елге әкелінеді. Алайда Қазақстан президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Талғат Қалиевтың айтуынша, елдегі этникалық қазақтардың нақты санын білу қиын. Сондықтан ауған жерінен елге көшірілетіндер саны артуы мүмкін, деп ақпарат агенттіктердің біріне сілтеме жасай отырып, 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру үшін бірінші кезекте елге қоныс аударатын азаматтардың қазақ немесе қазақстандық екенін растайтын құжаттар жинақталуы керек. Ал олардың Қазақстанға келу-келмеуі өз еркінде. Қазір қазақ диаспорасының белсенділері сондағы этникалық қазақтарды іздеуге кірісіп, елшілік қызметкерлеріне қол ұшын беріп жатыр. Олар Ауғанстанның әр бұрышындағы қазақтарды табуға тырысуда.
Қазақстан президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Талғат Қалиевтың айтуынша, қажет болған жағдайда, ұшақ жөнелтіліп, тасымал ұйымдастырылады.
"Әлі ешқандай нақты ақпарат жеткен жоқ. Біз өте қиын жағдайда қалдық, Қазақстанға алып кетуді сұраймыз", – дейді Ауғанстандағы этникалық қазақ Азимулла.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: