Талғардағы адам өлтіру және бала ұрлау ісі бойынша үкім шықты
Алматы облысының Талғар ауданында адам өлтіріп, бала ұрлаған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Басты айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы
Қанды оқиға Қызылқайрат ауылында болған. Күдікті күндіз көшеде 30 жастағы ер адамды атып өлтіріп, кейін оның үйіне кіріп, 2 жастағы баланы ұрлап кеткен.
Сот процесі Қаскелең қаласында өтті. Судья Асқарбек Бейімбетовтың айтуынша, басты айыпталушы Қылмыстық кодекстің 16 бабы бойынша кінәлі деп танылған. Алайда олардың біреуі бойынша жәбірленуші кешірім бергендіктен, 15 бап бойынша жаза тағайындалған.
Сот үкімімен оған 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал оның екі сыбайласы кәмелетке толмағанына және жәбірленуші тараптың кешірім беруіне байланысты 9 жылға сотталды.
Адвокат Гаухар Сарыеватың сөзінше, басты айыпталушы қылмысты алдын ала жоспарлап, өзге қатысушыларды да әдейі тартқан. Ол тіпті кәмелетке толмағандарға қару беріп, қылмысқа қатыстыруға себеп болған.
Жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспейтінін білдірді. Гүлнәр Бұрыбаева сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанын, алайда үкім олардың үмітін ақтамағанын айтты.
Сот шешіміне сәйкес, басты сотталушы жәбірленушілерге 30 млн теңге, ал сыбайластарының әрқайсысы 15 млн теңгеден өтемақы төлеуге тиіс.
Тараптардың екеуі де үкіммен келіспейтінін мәлімдеді: айыпталушылар жазаны ауыр деп санаса, жәбірленушілер оны жеткіліксіз деп есептейді. Осыған байланысты іс бойынша апелляциялық шағым түсірілмек.