Талдықорғанда футбол көруге жиналған жастардың отырысы қайғылы жағдаймен аяқталды. Жанжал барысында 20 жастағы Жәңгір Нұрланұлы пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Куәгерлердің айтуынша, сол түні бірнеше жас футбол матчын көру үшін қаладағы пәтерлердің біріне жиналған. Алайда екі адамның арасында туған жанжал сыртта жалғасып, санаулы минут ішінде ушығып кеткен.

Марқұмның туыстары Жәңгірге суық қару алты жерден сұғылғанын айтып отыр. Ол отбасындағы жалғыз ұл болған.

Жәңгір Нұрланұлы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің заң факультетінде 2-курста оқыған. Университет өкілдері оның сабақты жақсы оқығанын, белсенді әрі тәртіпті студент болғанын айтты.

Жәңгір өте жауапкершілігі мол, қарапайым студент еді. Сабаққа үнемі қатысатын, қатарластарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Университет өміріне белсенді араласатын, — деді факультет деканы Ғалым Байғазыұлы.

Полицияның мәліметінше, адам өлтірді деген күдікпен 11-сынып оқушысы қамауға алынған. Білім бөлімінің өкілдері күдіктінің бұған дейін құқық қорғау органдарының есебінде тұрмағанын хабарлады.

Күдікті ешбір полиция есебіне тіркелмеген. Мінез-құлқы мен психологиялық жағдайы бойынша да оң сипатталған, — деді Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас маманы Ұлжанат Жақыбаева.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Ал марқұмның жақындары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілер тиісті жаза алады деп үміттенеді.