Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Талдықорған қаласының білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу бастады. Ол білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген, деп хабарлады Антикор.

Соттың санкциясымен күдікті мен пара берген адамдардар да қамауға алынған. 

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығарады. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", – деп жазылған хабарламада.


Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында мектеп басшысы 600 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды


Аудиторлар ұрланған қаражаттың нақты көлемін анықтап жатыр. Бұған дейін тінту кезінде департаменттің бас есепшісінен 1 млрд теңге тәркіленген.

Алдын ала болжам бойынша, ұрлықтың жалпы сомасы – 2 млрд теңге. Ол бөлімнің қызметіне қатысы жоқ адамдарға "жалақы" ретінде аударылған деген болжам бар.