Қазақстанда жастарға арналған жалдамалы пәтерлер бағдарламасына өзгертулер енгізілгелі отыр. Жаңа өзгерістер жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсіндіруінше, енді жалдамалы пәтер алғысы келетін жұмысшы жастар болашақта ипотека алу үшін алғашқы жарна жинауы тиіс. Жыл сайын мұндай жинақ көлемі 170 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы тиіс. 
Жалдамалы пәтер үш жылға берілетінін ескерсек, енді келісімшарт әр жылға жеке-жеке жасалады. Жыл ішінде пәтер жалдаушы жас қажетті көлемде қаражат жинамаса, онда келісімшарт келесі жылға ұзартылмайды.

Министрліктің түсіндіруінше, бұған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен пәтер жалдап тұрған жастардың көбі үш жылда ешқандай қаражат жинамаған. Сәйкесінше, бағдарламаға қатысу уақыты аяқталған соң, тағы да ескі мәселесіне қайта оралады.

Жастар тұрғын үй жинағын "Отбасы банкінде" жинауы тиіс. Сәйкесінше, енді келісімшарт тек жалға алушы мен жергілікті әкімдік арасында ғана жасалмайды, бұл тізбекке банк те қосылады.

Еске салайық, жалдамалы пәтерлер бағдарламасы Қазақстанда 2019 жылдан бері және тек Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Бұл пәтерлерді жастар өз атына жекешелендіре алмайды. 


Оқи отырыңыз: Жастарға жалға берілетін баспана: үйленбегендердің қаншасы үй алады