Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Формула-1-дің Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы кезеңдері өтпейді
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сәуір айында өтуі жоспарланған Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы "Формула-1" Гран-при кезеңдері ресми түрде тоқтатылды. Бұл туралы Халықаралық автомобиль федерациясы (FIA) хабарлады.
Ұйымның мәлімдеуінше, жарыстарды алмастыратын бірнеше балама нұсқа қарастырылған. Алайда ақырында сәуір айында ешқандай қосымша кезең өткізбеу туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар осы кезеңдермен бірге "Формула-2", "Формула-3" және F1 Academy жарыстары да өтпейтін болды. Бұл шешім Халықаралық автомобиль федерациясы мен жарыстардың жергілікті промоутерлерімен келісім негізінде қабылданды.
FIA президенті Мохаммед бен Сулайем Бахрейн мен Сауд Арабиясының жарыс маусымы үшін маңызды екенін атап өтті.
"Бахрейн мен Сауд Арабиясы біздің жарыс маусымының экожүйесі үшін аса маңызды. Жағдай мүмкіндік берген кезде екі елге де қайта ораламыз деп үміттенемін", – деді ол.
Биылғы маусымда жоспарланған 24 жарыстың орнына енді 22 кезең өтеді. Келесі Гран-при жарысы 27-29 наурыз күндері Жапонияда өтеді. Ал сәуірдегі жарыстардың орнына келесі кезең 3 мамырда Майамиде ұйымдастырылады.