Тәңіршілдік дін бе? ҚМДБ ұстанымы қандай?
Тәңір – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында басқарманың уағыз-насихат бөлімі әлеуметтік желіде жиі қойылатын сұрақтардың біріне жауап берді.
ҚМДБ түсіндіруі бойынша, тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі нанымы. Яғни, ол дін емес.
"Тәңіршілік табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер – Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады", – деп жазды ҚМДБ уағыз-насихат бөлімі.
Оқи отырыңыз: Тәңір – қазақтың құдайы ма, әлде ескі дәуір тарихы ма?
Сәйкесінше, тәңіршілдік дін санатына жатпайды. Себебі, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді.
"Тек құдайды еске алып қою ол дін емес, жай ғана наным. Оны дін ретінде таныту – адасушылық. Исламды, Құранды, Мұхаммед пайғамбарды қабыл етпеу – күпірлік", – дейді ҚМДБ уағыз-насихат бөлімі.