Шымкентте жекеменшікке заңсыз берілген 3 млрд теңгенің жері мемлекетке қайтарылды
Сот шешімімен аукционсыз кәсіпкерлерге берілген жердің жалпы ауданы 77 гектарды құрайды.Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жер учаскелерін жекеменшікке заңсыз беру фактілерін анықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин хабарлады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды жалғастырып жатыр. Шымкент қаласында тығыз құрылыс салуға жол бермеу мақсатында жеке меншікке заңсыз берілген жер учаскелерін мемлекет пайдасына қайтару бойынша мақсатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда сот шешімімен аукционсыз кәсіпкерлерге берілген жердің жалпы ауданы 77 гектар, құны 3 млрд теңгеге жуық 46 жер учаскесі мемлекеттің балансына қайтарылды", – деді Дәурен Ерғарин.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген жануарды атқан браконьерлер ұсталды
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында тау бөктеріндегі құрылыс саласында осы тұрғыдағы бұзушылықтар анықталған болатын.