Шымкентте бүгін №148 автобус жүргізушісі жолаушының соққысына жығылып, тежегішті оқыс басқан кезде, автобус алдында тұрған өзге жолаушы құлап, басынан алған зақымынан қайтыс болды. Бұл туралы шымкенттік "Отырар" басылымы хабарлады. 

Жолаушы жедел жәрдем жеткенше көз жұмған. Ал жарақат алған автобус жүргізушісі ауруханаға жеткізілген. 

Бұл оқиға бойынша, жүргізушіге қол жұмсаған мас жолаушы күдікті ретінде қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған. 

"Жарақат алған жүргізуші ауруханада. Жалпы жолаушылардың қоғамдық көліктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жүргізушілерді қолма-қол ақша алудан босату бойынша қала әкімінің қаулысы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында енгізіліп, талқылаудан өтуде. Одан бөлек, жүргізушілерді жолаушылардан оқшаулау әйнегін техникалық регламентке сәйкес орнату пысықталып жатыр", – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшы орынбасары Шерзат Сүттібаев.

Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 


Оқи отырыңыз: Астанаға облыс көліктері енді ақы төлеп қана кіре алады. Моңғолияға бұл не үшін керек