Шымкентте дендрарий бағына егілген 2,5 мың ағаш түгелдей қурап кетті
Биыл экзотикалық ағаш түрін көбейтуге қала қазынасынан 17 миллион теңге бөлінген.Шымкентте орналасқан Қазақстандағы жалғыз дендрарий бағында 2 жарым мыңға жуық ағаш түгелдей қурап кеткен. Тағы 8 мың түп жасыл желек жартылай қурап тұр. Бұған соңғы екі жыл ішінде баққа су жеткізілмеуі себеп, ал басшысы қызметінен кеткен, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
1979 жылы Асанбай Асқаровтың бастамасымен пайда болған дендробаққа 560 түрлі тал-дарақ егілген. Қазір соның 200 түрі көгеріп тұр. Пандемиядан соң екі жыл ішінде 2 460 түп ағаш түгелдей қурап кеткен. Тағы 8 мыңдайы жартылай көктеп тұр.
"2020 жылы Арғымбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысында жол айырық салына бастады. Сол жерде канал да бұзылған. Содан су келмей қалды. Қазір канал қалпына келтіріліп жатыр. Арагідік су беріп тұрады", – деді дендробақ директоры Гүлнар Сапарымбет.
Жасыл желекке су жеткізе алмай, әртүрлі экзотикалық ағашты қуратып алғаны үшін бүгінге дейін 4 бірдей директор ауысып, бәрі де қызметінен кеткен. Ендігі басшы мамыр айынан бері жасыл желек 3 мәрте суарылғанын айтады. Ол үшін қосымша құрылғылар орнатқан. Енді бақтағы топырақ құрамы мен барлық экзотикалық ағаштарға арнайы сараптама жасатпақ.
Оқи отырыңыз: Ауа райы болжамы: Қазақстанның басым бөлігінде өрт қаупі сақталады
Дендробаққа келушілер жасыл желекке жақсы күтімнің жоқтығынан қураған деп отыр. Биыл экзотикалық ағаш түрін көбейтуге қала қазынасынан 17 миллион теңге бөлінген. Алдағы күзде қазақстандық және өзбекстандық көшеттер отырғызылатын болады. Оларды дер кезінде суару үшін арнайы көлге су толтырылмақ. Дендробақ басшылығы алдағы жылдары жоғалтқан ағаштардың санын қайта көбейтіп, жасыл желекті жайқалтамыз деп уәде беріп отыр.