Әскерге кеткен тағы бір сарбаз табытпен оралды. 21 жастағы жас жігіттің бір айда дімкәс күйге түскені туыстарының күдігін күшейткен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өйткені, Тараздан Шымкентке борышын өтеуге кеткен Данияр Амалбеков анасымен соңғы рет сөйлескенде әлдекімнің бұйрығымен жауап берді дейді. Ал әкесі сүйегін әкелген әскери бөлім басшыларынан қысым көргенін айтады. 

Жан дегенде жалғыз баласын 9-шы желтоқсанда қол бұлғап шығарып салған анасы, бір айға жетпей сүйегін құшақтап қалған. Ана жүрек баласының ауруханаға түскенін кеш естідім дейді. Дереу жеткен жақындары сарбазды Шымкенттегі емдеу мекемесінің дәлізінен тапқан. Белгілі болғандай әскери бөлім Данияр Амалбековтің ахуалын жарты ай жасырған дейді туыстары. Тек сүлдері қалған шақта хабар берді деп ашынады. Сөйтсе бір айда төрт аурухана ауыстырған сарбазға дәрігерлер диагноз қоя алмаған көрінеді. 

Бір айда төрт түрлі дигноз қойылған 21 жастағы жігіт ақыры ауруханада қайтты. Күні кеше жақындары жер қойнына тапсырды. Ал жұбатуға келген әскери бөлім басшылары "ауру баламды әскерге жібердім" деп айтқызуға мәжбүрледі дейді әкесі. 

Ал ҚР Ұлттық ұлан қолбасшылығы қылмыстық іс қозғалды деп отыр. Олар қайғылы оқиғаның жай-жапсары жайында ашып айтқан жоқ. Тек сарбаздың кенеттен жүрегі тоқтап қалғанын растады. 

"2026 жылғы 6 қаңтарда мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтады. Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханада көз жұмды. Алдын ала диагноз — "жедел лейкоз", – деді ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі. 

Бірақ "жедел лейкоз" диагнозына туыстары сенбейді. Өйткені, техникалық-кәсіптік колледжді тәмамдаған марқұмның медициналық кітапшасында бұл дерт бойынша бірде бір сараптама алынбаған деп отыр. Бұрын-соңды денсаулығына шағымданбаған баланың қауіпті дертке шалдығуы күдік тудыратынын жеткізді.