Шымкент әуежайы жаңа терминалы жұмысын бастап, "Астана – Шымкент" бағытындағы алғашқы рейсті қарсы алды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық мәні айрықша екенін атап өткен болатын. Жаңа терминал қаланың экономикасына өз үлесін қосып, транзиттік әлеуетімізді күшейтеді", – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков. 

Ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен сағатына 2000 жолаушыға қызмет көрсете алады. Жобаға 24 миллиард қаржы жұмсалды. Соның арқасында барлық халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, жайлы және технологиялық инфрақұрылым нысаны бой көтерді. Бұл жолаушылар ағыны мен ұшу географиясын арттыруға және 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи талапқа сай қолайлы, жылдам қызмет көрсетіледі. 

Алғашқы кезеңде терминалда SCAT әуе компаниясының күндізгі ішкі рейстері ұйымдастырылады. Жақын арада Air Astana және Fly Arystan әуе компанияларының рейстері де осы терминалға ауыстырылады. Сондай-ақ, халықаралық әуе тасымалдаушылармен тарифтік саясат және ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал халықаралық сектор мен транзиттік аймақты ашу 2025 жылдың басына жоспарланған.