Шымбұлақ тау-шаңғы курорты аумағында 75 ұшқышсыз ұшу аппараты тұрақты түрде қолданылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, дрондар курорт аумағындағы жедел жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Аппараттар автономды режимде, яғни оператордың тікелей қатысуынсыз ұша алады. Жиналған бейнеақпарат 24/7 режимінде министрліктің жедел басқару орталықтарына жіберіледі.

Министрліктің түсіндіруінше, ұшқышсыз аппараттар төтенше жағдайлардың алдын алу, адамдарды жедел іздестіру және қауіпті учаскелерді бақылау үшін пайдаланылады. Әсіресе тауда ауа райының күрт өзгеруі мен адам көп кездерде мұндай технологиялардың маңызы зор.

Жалпы, ТЖМ еліміз бойынша дрондар паркін кеңейтіп жатыр. Қазіргі таңда министрлік иелігінде 218 ұшқышсыз ұшу аппараты бар, оның 153-і жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған.