Сыйақы, пәтер, автокөліктер. Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты қандай сый-сияпат күтіп тұр
Араға 32 жыл салып Қазақстан Әнұранын Қысқы Олимпиада төрінде шырқатқан Михаил Шайдоров 250 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы алады. Бұл – шамамен 124 миллион теңге.
Одан бөлек, танымал әнші Димаш Құдайберген спортшыға су жаңа көлік сыйлайтынын мәлімдеді. Михаил Шайдоров еркін бағдарламада Димаштың әнін таңдап, сонымен өнер көрсеткен болатын.
Ал белгілі кәсіпкер Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Александровичке Audi Q8 қымбат көлік сыйлады.
"Михаилға осы қуаныш пен мақтаныш сезімі үшін рахмет. Бұл – шабыт беретін, ерекше стильдегі алтын жеңіс. Осы табыстың бастауында тұрған адамға алғыс ретінде сый жасағым келеді. Мен Audi Q8 көлігін чемпионның әкесіне тарту етемін. Бір кездері ол ұлының арманы үшін өз көлігін сатты. Бүгін сол арман алтынға айналды. Енді бұл көлік – ортақ ризашылығымыздың символы болсын", – деп жазды кәсіпкер.
Ал қазақстандық Ulutau Group құрылыс компаниясы жас спортшыға Астана қаласында үш бөлмелі пәтер сыйға беретінін хабарлады.
"Біз Михаил Шайдоровпен жеке байланысып, оны құттықтап, Ulytau Group атынан үш бөлмелі пәтерді табыстағымыз келеді. Алайда, өкінішке қарай, әзірге онымен байланыса алмай отырмыз. Егер сіз Михаилмен қалай хабарласуға болатынын білсеңіз немесе осы хабарламаны оған жеткізе алсаңыз, бізге көмектессеңіз екен. Біз бұл қуанышты жаңалықты өз чемпионымызбен бөлісуді өте қатты қалаймыз", – делінген құрылыс компаниясының хабарламасында.