"Шығыстың шырқын ұрылар бұзып тұр". Депутат мал ұрлығы мәселесін көтерді
Депутат Мақсат Толықбай бұған дейін президент атына бейнеүндеу жолдап, көмек сұраған ШҚО Қатонқарағай ауданы тұрғындарының жанайқайын мәжіліс мінберінде жеткізді.
Бұл үндеу бойынша Ішкі істер министрлігінің бес күн ішінде бірде-бір мәлімдеме жасамағанын түйреп өткен депутат шығыстағы шағын ғана Шыңғыстай ауылының тұрғындарына ұрылардың қорлығы әбден өтіп отырғанын айтты.
"Қойы қоралап, ірі-қарасы табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң президентке арызданбай қайтсін?! Полиция дегеннен әбден күдер үзген. Осы күнге дейін қаншама малы ұрланса да, полиция бірде-бір "тышқақ лақтың" сайдан санын, құмнан ізін таппаған. Бұл нені көрсетеді?! Не іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейді. Ақиқаты осы. Басқаша айту мүмкін емес", – деді Мақсат Толықбай.
Оқи отырыңыз:
- Ірі қара мен ұсақ малды далада бақылаусыз қалдырғандар енді айыппұл арқалайды
- Қазақстанда 196 мал ұрысы ұсталды
Оның сөзінше, Шыңғыстайдан бөлек, ұры мәселесі оған іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де күрделі.
"Бізде "мал ұрлығы бойынша заң қатаң. Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауыр қылмыс. Аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлағандар 7 жылдан 12 жылға дейiнгi сотталады" деп халықты сендіргіміз келеді. Тіпті, "мал ұрлығы азайып келеді" деп бізді де ішкі істер органдары сендіргісі келеді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше", – деген депутат Ішкі істер министрінен аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізуді және мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұрады.