Қазақ қуыршақ өнерінің бастауы саналған "Ортеке" былтыр ЮНЕСКО-ның адам­заттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді.

Домбырасын қолға алып, күй төгілте бастағаны сол еді, ағаш жануар билеп қоя берді. Тұрған орнында әрі-бері секіріп, түз тағысындай ойқастайды келіп. Тұяғының дыбысы “Шығыс салбурыны-2024” халықаралық фестивалін тамашалауға келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Тық-тық-тық... Әсем әуенге еліткен жұрт шанақтан төгілген күймен үндесе билеген қуыршақ текеге тәнті болып, әр қимылынан көз ала алмай қарап тұр. Иә, бұл – "Ортеке" биі.

Бұл туындының авторы “Шығыс салбурыны-2024” фестиваліне көршілес Қытай мемлекетінен келген өнерпаз Ерсінбек Тойғанбекұлы екен. 

– Бір аптаның ішінде ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыны жасап шығардым. Мұндағы басты мақсат – ата-бабаларымыздың бекзаттық мәдени мұрасын дамыту, – деді Ерсінбек Тойғанбекұлы.