Ұлттық экономика министрлігі су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің өтемақысын жариялады, деп хабарлады министрліктің ресми сайты.

Қазіргі кезде кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін үкімет резервінен 12,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

"Жергілікті атқарушы органдар ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 9,3 млрд теңге сомасына 455 өтінім келіп түскен, оның ішінде 374 өтінім (82,1%) 5,8 млрд теңгеден астам сомаға мақұлданды. Соның ішінде 222 өтінім бойынша кәсіпкерлерге 2,2 млрд теңге көлемінде төлемдер жасалды", – дейді министрлік мамандары.

Өтемақы мақұлданған облыстар:

  • Атырау 2,1 млрд теңге (215 өтінім);
  • Батыс Қазақстан – 2,5 млрд теңге (40 өтінім);
  • Солтүстік Қазақстан – 901,8 млн теңге (44 өтінім);
  • Қостанай – 206 млн теңге (35 өтінім)
  • Ақтөбе – 366 млн теңге (24 өтінім);
  • Ақмола – 61,1 млн теңге (16 өтінім).

Қызмет түрлері бойынша негізінен сауда объектілері, қоғамдық тамақтану орындары, демалыс базалары мен қонақ үйлер және басқа секторларға зақым келген. Атап айтқанда, мақұлданған өтінімдердің 70%-дан астамы дүкендер, сауда үйлері мен базарлар, шамамен 4%-ға жуығы қоғамдық тамақтану нысандары, 4%-ы өнеркәсіптік және азық-түлік тауарларын өндіру нысандары, 3%-ға жуығы қонақ үйлер, демалыс базалары және өзге де бизнес объектілері.

Өтемақы туралы өтінімді өңірлік комиссиялар 5 жұмыс күні ішінде қарайды және қаржыландыру жеткілікті болған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде төлемдер жүзеге асырылады.

Қалған өтінімдер бойынша өтемақы тамыз айының соңына дейін беріледі деген жоспар бар. Ал күрделі жөндеуді әрі реконструкциялауды қажет ететін объектілер бойынша қаражат сараптама және жобалық-сметалық құжаттаманы қабылдау қорытындылары бойынша аударылады.