Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 миллиард теңге төленді
Өтінімдердің басым бөлігі Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келіп түсті.2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ШОК субъектілерінің залалды өтеу туралы өтінімдерін қабылдау және қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінді.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ШОК субъектілерінен 15 миллиард теңге сомасына 764 өтінім келіп түскен. Шамамен 12 миллиард теңге сомаға 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 миллиард теңгеден астам сомаға 615 өтінім (өтінімдердің жалпы санының 80,4%-ы) бойынша төлемдер толық көлемде жүргізілді.
30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасуда, олар аяқталғаннан кейін өтінімдер Өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады.
"Өтінімдердің басым бөлігі Атырау (423 өтінім) және Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облыстарынан келіп түсті. Батыс Қазақстан облысынан 87 өтінім, Қостанай облысынан 68 өтінім, Ақтөбе облысынан 51 өтінім, сонымен қатар Ақмола облысынан 28 өтінім келіп түскен", – делінген хабарламада.