Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен мектептердің нешеуі қалпына келтірілгенін айтты.

"Жаппай су тасқыны орын алған өңірлерде барлығы 40 білім беру нысаны (11 балабақша, 22 мектеп, 7 қосымша білім беру нысаны) зардап шеккені белгілі. Бүгінгі таңда қалпына келтіру жұмыстары 5 нысан бойынша аяқталды. 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", – дейді Бейсембаев. 

Оның айтуынша, 19 нысан бойынша тәуекелдер бар.  

"Самұрық контракшен компаниясының мәліметі бойынша "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру аясында соғылып жатқан мектептердің 20-сы мерзімінен бұрын ағымдағы жылдың 20 тамызына дейініске қосылады деп күтіліп жатыр. Жалпы 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып жатыр", – дейді ол. 

Министрдің айтуынша, бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге бағытталып отыр. 

"Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажет шараларды қабылдауы қажет", – дейді ол.