Пәтерлер республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының тасқыннан жапа шеккен 27 тұрғыны билік өкілдеріне ауылдан қалаға көшуге ниет білдіргендері туралы өтініш жасаған, деп хабарлады Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Үш көпбалалы отбасы үш және төрт бөлмелі пәтерлерге ие болды. Жаңа қоныстанушыларды облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, плазмалық теледидарлар мен кілемді сыйға тартты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынынан келген шығынды өтеуге байланысты мәселелерді шешу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін алып жатқан жаңа пәтерлеріңізде амандық, тыныштық пен береке орын алып, қиындықтар артта қалсын, – деді аймақ басшысы жаңа тұрғын үй иелерін құттықтап. – Бәріміз бірге үлкен қиындықты бастан өткеріп, жеңіп шықтық. Қазір жағдай тұрақталып, залалды бағалау жөніндегі комиссиялар жұмыс істеп жатыр, зардап шеккен тұрғындардың өтемақы мен жаңа баспана алады. Алғашқылардың бірі болып, міне, өздеріңіз алып жатырсыздар. Дұрыс шешім қабылдап, қауіпсіз әрі жайлы жерге көшкендеріңізге қуаныштымын". 

Төрт бөлмелі пәтерге қоныстанған көп балалы отбасының бірі – Тубековтер. Отағасы Бағдат су тасқыны кезінде басынан өткен жайт туралы былай дейді:

"27 наурызда Қызылжұлдыз ауылындағы үйімізге қатты ағыспен су кірген кезде үйді құтқаруға болмайтыны бірден белгілі болды. Жаңасын салуға қаражатымыз жоқ. Ата-анамызбен бірге тұрамыз, үш бала тәрбиелеп отырмыз. Отбасымыз үлкен – 7 адам. Әйелдер мен балаларды бірден қалаға жібердім. Бойымызды үрей биледі. Жағдайымыз не болады, ары қарай қалай өмір сүреміз деген сұрақтар бойымызға қоқыныш ұялатты. Малымыз да суға батып кетті. Осындай қиын-қыстау кезде қол ұшын созған Ел президенті мен әкімдікке үлкен рахмет! Бізді жалғыз қалдырмады, тез арада шаралар қабылданды. Балаларды №5 ОМ орналастырып, барлық кеңсе тауарларын алып берді, түскі аспен қамтамасыз етті. Бірден 100 мың теңге өтемақы және 180 мың теңге біржолғы көмек берілді". 

Өңірдегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктің залалын бағалау жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда, бүгінде 202 өтініш бойынша тексеру жүргізілді.

Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеуге барлығы 811 отбасынан жалпы сомасы 300 млн теңгеге өтініш келіп түсті.

Бүгінгі таңда 637 отбасына 100 АЕК (369 мың теңге) мөлшерінде өтемақы төленсе, қалған 188 өтініш берушіге қаражат мобильді топтардың мүлікті тексеру актілерін алған бойда, аптаның соңына дейін төленетін болады.

Зақымданған 92 ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу барысында 73-ін қалпына келтіру мүмкін емес екені анықталды. 59 отбасы қалаға көшуге ниет білдірді, оларға 15 млн теңгеге дейінгі пәтерлер сатып алынады. Қаражат республикалық бюджеттен түседі – бұл 405 миллион теңге.
"Бүгінгі таңда жалпы сомасы 370 млн теңгеге 27 пәтерді сатып алуға келісім-шарт жасалды, төлем тіркеу рәсімдері аяқталған соң, жүзеге асырылады және пәтерлерді зардап шеккендердің меншігіне өтеусіз негізде беру жүргізіледі", – деді Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов.