Студенттерді жатақханамен қамту: биыл 27 жатақхана пайдалануға беріледі
Жоспарланған нысандардың дені қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі.Үкіметте колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамту мәселесі қаралды.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, биыл 10 576 орынға шақталған 27 жатақхананы қолданысқа беру жоспарланған. Олардың 19-ы жоғары оқу орындарына, 8-і колледждердің студенттеріне салынуға тиіс еді.
“Қазірде 1 540 орынға арналған жеті жатақханада тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, келер оқу жылына студенттерді қабылдауға әзір. Құрылыс немесе реконструкция жұмыстарын жүргізу бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жол карталары дайындалды. Жоспарланған нысандардың дені қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі”, – деді Талғат Ешенқұлов.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі бүгінде құрылыс, реконструкция қарастырылған ғимараттардың басым көпшілігінде жұмыс 75% деңгейінен жоғары орындалғанын жеткізді. Үш нысандағы тиісті жұмыстар 50% шамасында атқарылған. Олар Алматы қаласы мен Ақмола, Қызылорда облыстарына тиесілі. Аймақ әкімдерінің орынбасарлары барлық шаралар жоспарға сай аяқталады деп сендірді.
Тамара Дүйсенова мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырма берді.
“Құрылыс маусымының уақыты шектеулі. Сондықтан жауапты министрліктермен қатар облыс әкімдіктері жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын тұрақты түрде қадағалауы керек. Нысандардағы құрылыс, реконструкция шараларының қарқынын апта сайын қарастырамыз. Бұл жұмысқа жеке кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары екені байқалады. Сол себепті жатақхана салуға ниетті бизнес өкілдеріне қажетті жағдай жасауға қатысты шараларды қарастыру керек, – деді вице-премьер.
Студенттерді жатақханамен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Былтыр 10 304 орынға арналған 43 ғимарат пайдалануға берілген.