Қазақстан азаматтарының коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсаған шығындары бір жылда 11%-ға өсті, деп хабарлады Energyprom.kz.

"Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан азаматтары коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге орта есеппен 59,6 мың теңге жұмсады, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8%-ға көп", – делінген хабарламада.

Елорда тұрғындары коммуналдық қызметтерге 103,7 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылғы қаңтар - наурызбен салыстырғанда 6,5%-ға және ел бойынша орташа көрсеткіштен 73,8%-ға артық. Сонымен қатар Алматы мен Қарағанды облысының тұрғындары да үй шаруашылығына қаражатты көп жұмсайды. Ал коммуналдық қызметтер, тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу үшін Абай, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындары ақшаны ең аз жұмсайды.

Биыл мамырда үй қызметтеріне, суға, электр энергиясына, газға және басқа да отын түрлеріне баға бір айда 0,9%-ға, ал бір жылда 17,6%-ға өскен:

  • қоқыс шығару қызметтері - 6,1%;
  • электр энергиясының құны - 1,8%;
  • тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу қызметтері - 1,7%;
  • су бұру қызметтерінің құны - 0,2%-ға өсті.

Бір жылда:

  • су бұру қызметтері - 43,9%;
  • суық су - 35,9%;
  • ыстық су - 35%;
  • жылыту - 33%;
  • электр энергиясы 31,4%-ға қымбаттады.