Солтүстік Қазақстандағы Аралағаш ауылының тұрғындары бруцеллезге шалдыққан малын қасапханаға өткізуге жаппай қарсылық білдірді. Өйткені, халық төрт түлігінің жұқпалы ауруға шалдыққанына сенбейді. Айтуынша, ветеринарлар сау малды әдейі ауру деп танып, етін шұжық дайындаушыларға үш есе арзан бағаға сатуға үгіттеп отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Ал мал дәрігерлерінің уәжі басқа. Олар бруцеллезге шалдыққан малдың көзін дереу жоймаса, ауру ауылдарға тарап кетуі мүмкін екенін айтады.

Сәния Нәбиева осыдан үш жыл бұрын үкіметтен 3 миллион теңге несие алып, мал басын көбейту үшін он сиыр сатып алған. Бірақ, жарты жылдан кейін бәрінен бруцеллез анықталып, қорасындағы малын түгел қасапханаға тапсыруына тура келген. Он сиырымды небәрі 500 мың теңгеге өткіздім деген ол мемлекет төлеуі тиіс өтемақыны сол күйі ала алмай жүргенін айтады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда мал ұрлығы күз бен қыста көбейеді – сараптама


"Көктемде келіп қан алған. Сол кезде біртіндеп сиырымыздың бәрін әкетті. Бір бас сиырды 300 мыңға сатып алдық. Ал оны шұжық цехына тапсырғанда бір бұзаудың ғана құнын шығардық. 80-90 мың, әрі кетсе – 100 мың", – деді Аралағаш ауылының тұрғыны Сәния Нәбиева. 

Ауыл әкімдігінің алдына жиналған азаматтар да екі жылдан бері мемлекеттен өтемақы алмағанын бөлісті. Айтуынша, 2020 жылы ауылдағы жүзге тарта ірі қарадан сарып ауруы анықталған. Сол уақытта мал дәрігерлері кеселге шалдыққан төрт түлікті жаппай қасапханаға өткізуге мәжбүрлегенін айтады. 

"Шұжық цехындағы мал дәрігерлері күледі, дейді. "Сау малды неге әкеліп тұрсыңдар? Қазір тиын аласыңдар ғой" деп. Енді соңында өтемақы алу үшін анықтама сұрасақ, оны да бермей отыр. Малымыздың сау екенін айтады", – деді Аралағаш ауылының тұрғыны Мұсат Мақажанов. 


Оқи отырыңыз: Айыппұл артып, жаза күшейсе де, Қазақстанда мал ұрлығы неге тыйылмай тұр?


Мал дәрігерлерінің айтуынша, бруцеллез анықталған малдың көзін дереу жоймаса, ауру ауылдарға тарап кетуі мүмкін. Сол себепті мамандар инфекция табылған төрт түлік малды түгелдей тәркілемек. Ал ет комбинаты малдың ішкі ағзасына қарайды. Бірақ қан құрамындағы қоздырғыштар ағзаға бірден әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан кейде ауру расталмай жатады. 

"Малды қасапханаға тапсырудың алдында келісу керек. Патологиялық өзгерістер анықталмаса, етті өзіміз базарға апарып сатамыз, деп. Заң бойынша бұлай жасауға болады. Малды сойғаннан кейін 24 сағаттан соң еті қауіпсіз болады", – деді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов. 

Алайда тұрғындар бұл арада бір шикілік барына сенімді. Соның шешімін табу үшін прокуратураға шағымданбақ.